Жалпыұлттық телекөпір: Елбасына автожол құрылысы жобалары туралы айтылды

None
None
    АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясындағы жалпыұлттық телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа елімізде автожол құрылысы саласындағы жобалар бойынша есеп берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылдың мамыр айында Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысы басталды. Бұл жоба - озық технологиялардың көмегімен салынатын заманауи көлік жол айрықтары, эстакадалар мен жол өтпелері бар 6 жолақты 66 шақырымдық жол.  Құрылыс барысында 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, 150 миллиард теңгеден астам тікелей инвестиция тартылмақ. Жоба іске қосылған соң, тәулігіне 38 мың автокөлік Алматыны айналып өтетін болады. Ал бұл өз кезегінде Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын 3,5 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Айналма жол қаланы ұзын-сонар көлік кептелісінен құтқарып, қала экологиясына жағымды әсерін тигізбек», - деді ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр.

Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК»  АҚ  Басқарма төрағасы Ермек Қизатов Ресей мен Шығыс Еуропаға шығуға мүмкіндік беретін жол бойынша есеп берді.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша  «Орал-Тасқала» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Екі жылдың ішінде өзге салалардан 1,5 мыңнан аса маман жұмысқа тартылып, 100 шақырым жол  жаңартылды. Алдағы уақытта жол  бөлігінің өткізгіштігі екі мыңнан жеті мыңға дейін көтерілетін болады. Сонымен қатар, Қазақстан-Ресей шекаралық бекетінің көліктерді  өткізу қабілеті 2 есеге артады. Осы жол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттің өсуіне мүмкіндік береді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Орал-Тасқала тас жолы іске қосылуға дайын. Қозғалысты бастауға рұқсат сұраймыз!», - деді Е. Қизатов.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпы жол салу үлкен жұмыстарды қажет ететінін, алдағы уақытта да автокөлік жолдары мен өзге де байланыс желілері құрылысына ерекше мән берілетінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар
telegram