Жамбы атуда екі қазақстандық мерген финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудың жамбы нысанасын көздеуден сайыс өтіп жатыр. Әзірге 2 қазақстандық мерген финалға шықты.
Жамбы нысанасында ерлер де, әйелдер де 30 метр қашықтықта нысана көздейді. Мұнда әр спортшыға 5 мүмкіндіктен беріледі, әр мүмкіндікте 2 минут уақыт болады және 5 жебе атылады.
Ұпай саны тең түскен жағдайда 5 жебемен тағы бір мүмкіндік беріледі. Тағы да тең түссе — 1 жебеден 1 мүмкіндік беріледі.
Егер осы мүмкіндікте де тең ұпай болса, цифрланған нысанға 1 оқтан 1 мүмкіндік беріледі. Бұл тәсіл жеңімпаз анықталғанша қайталанады.
Соңында ең жоғары ұпай жинаған спортшы жеңімпаз атанады.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында қазақстандық Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлім, румыниялық Алин Михай Тудоран және ресейлік Гафур Рахмангулов ақтық сайысқа шықты.
Әйелдер арасында қазақстандық спортшылар финалға шыға алмады, жүлделі орындарға ресейлік Анна Алексеева, мажарстандық Хунине Домокос, индонезиялық Сури Рено және түркиялық Айшегүл Демирбаг таласады.
Финал ойындары бүгін Астанадағы «Арғымақ» ат-спорт кешенінде сағат 16:00–де басталады.
Айта кетейік, сайыстың алғашқы күні Жәнібек Құлмырзаев Пута нысанасын көздеуде алтын жүлде жеңіп алған еді.
Сонымен бірге, мергендер Ербол Тәпенов — күміс, Қанат Қасымхан — екі қола және Айкөркем Батихан — тағы бір қола жүлдені ел қанжығасына салды.