Олимпиада жүлдегерлерінен кем емес: Жамбы атушыларды кім жарылқайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін жамбы атудан жарыс күні аяқталды. Қазақстан спортшылары жақсы нәтиже көрсетті деуге толық негіз бар. Бұл ретте, Alageum Electric компаниясы басшылығы жүлде алған спортшыларға және ұлттық құраманың бас бапкеріне қомақты сыйлық табыстамақ.

жамбы
Фото: Qazsporttv.kz

Атап айтсақ, 1-орын иегеріне бір бөлмелі пәтер, 2-орын алған спортшыға автокөлік, 3-орын иеленгендерге 5 миллион теңгеден үлестірілмек. Ал жамбы атудан ұлттық құрама бас бапкеріне автокөлік сыйға тартылмақ.

«Ұлттық спортымыз – жамбы атуды дамыту үшін әрі жігіттерімізге жігер беру мақсатында сыйақы тағайындаймын деп шешім қабылдаған едім. Енді, міне, ұлттық құрама спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екі алтын, екі күміс, екі қола жүлдеге ие болды. Ел сенімін ақтап, үздік нәтиже көрсетіп отыр», – деді Alageum Electric компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы, Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ілиясов.

Осылайша, бір алтын, бір күміс алған Батыр Бексауытқа бір бөлмелі пәтер беріледі. Бір алтын, бір қола иеленген Ералхан Айкөзге автокөлік табысталады. Күміс және қола жүлде алған Айтбек Сарыбайға 5 миллион теңге ақшалай сыйақы тарту етілмек.

Айта кетейік, жамбы атудан спортшылар мажар, азия, түрік және жамбы стилінен сынға түскен болатын.

Соңғы жаңалықтар