Жамбыл облысында 25,4 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында жыл басынан бері конкурстар арқылы 25,4 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Жалпы өңірде осындай тәсілмен мемлекетке бұрын қайтарылған 168,4 мың гектар жер қайта бөлінді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жамбыл облысында мемлекетке қайтарылған жерлер ауыл шаруашылығына беріледі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жер мемлекет меншігіне өткеннен кейінгі келесі кезең – оны ауыл шаруашылығы мақсатында қайта пайдалануға беру. Жамбыл облысында мұндай учаскелер конкурстық негізде бөлінеді.

Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында он конкурс өткізілген. Олардың нәтижесінде 25,4 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.

Осы тәсілмен бөлінген жерлердің басым бөлігі жайылымдық алқаптарға тиесілі. Оның көлемі 133,5 мың гектарды құрайды. Бұл жалпы аумақтың 80 пайызға жуығы.

Тағы 26,4 мың гектар жер жыртылатын алқаптарға тиесілі. Қалған 8,5 мың гектар жер басқа санаттарға жатады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында тағы 53 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Сондай-ақ Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған жайылымдық жерлер конкурстық негізде бөлінетіні хабарланған.

Казинформ