Жамбыл облысында 332 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды

ТАРАЗ. KAZINFORM –  Жамбыл облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері өңірдің 16,5 мың шақырымға жуық жолына тексеру жүргізілді.

Жамбыл облысы
Фото: Жамбыл облысы ПД

Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері 2633 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде облыстың жолдарынан 12044 ақау анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жол құрылысына жауапты мекеме басшыларына орындау үшін 2633 нұсқама берілді. Берілген нұсқамалардың негізінде жолдарға 1297 жол белгісі, 3 бағдаршам нысаны орнатылды, 10 мың шақырымнан астам жол таңбасы жаңартылып, 11 мың шаршы метрге жуық шұңқырларға жөндеу жүргізілді. 

Жамбыл облысы
Фото: Жамбыл облысы ПД

Автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 332 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жол-техникалық инспекция қызметкерлері берген нұсқамаларды орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігі бойынша Тараз қаласы әкімдігінің, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімдерінің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетсек, біз бұған дейін соңғы 3,5 жылда жол жөндеу саласында 65 сыбайлас жемқорлық дерегі анықталғанын жазған болатынбыз.