Жамбыл облысында 4 адам мерт болған жол апатына әйгілі спортшының қатысы бар ма
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде жол апатына жекпе-жек шебері, блогер әрі көп балалы ана Сая Әуелбекованың қатысы болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Қайғылы оқиға 20 қыркүйек, жексенбі күні Меркі ауданының Қостоған ауылында болған. TANK 500 жол талғамайтын көлігі мен ВАЗ-2107 соқтығысқан. Апат салдарынан 4 адам көз жұмды.
Алайда, бұл оқиға араға бірнеше күн салып желі қолданушылары жол талғамайтын көліктің жүргізушісіне қатысты болжамдар айтқаннан кейін ғана қызу талқыға түсті. Пайдаланушылар бұл апатты бұрын арнайы жедел әрекет ету бөлімшесінде арнаулы жасақтың инспекторы болып қызмет еткен Сая Әуелбековамен байланыстырып отыр. Желіде оны кейде бейресми «батыр ана» деп те атайтын.
Әуелбекова шынымен де көп жыл бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істеген және спорттық іс-шараларда полицияның атынан қатысқан. Оның жекпе-жек өнері, панкратион және қол күресі турнирлеріндегі жеңістері де БАҚ-та жазылған. Дегенмен, полиция TANK 500 жүргізген әйел құқық қорғау органдарының қызметкері емес екенін мәлімдеді.
Ал әлеуметтік желілерде апаттың мән-жайына қатысты долбар көбейіп келеді. Кейбір жазбаларда тіпті жол талғамайтын көлік соқтығысар алдында сағатына 200 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүрген болуы мүмкін деп те айтылып жүр.
Жамбыл облысында қызу талқыланып жатқан тағы бір мәселе — камераға түсіп қалуы мүмкін кадрлар мен басқа да айғақтардың сақталуы. Спортшының атағы мен полициядағы бұрынғы жұмысы тергеуге әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық туындап отыр. Тіпті «ізін жасырып жатыр» деген пікірлер де бар.
Әуелбеканың туыстары да оқиғаға қатысты өз нұсқаларын айтты. Спортшының парақшасында әпкесі жазба жариялап, Саяның ауыр апатқа ұшырағанын және оның жағдайы ауыр екенін растады. Оның айтуынша, спортшы қарсы беттен атып шыққан көліктен қашуға тырысқан.
Алайда полицияның ресми жауабында апаттың мән-жайы басқаша сипатталады.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, TANK 500 жүргізушісі қарсы беттегі қозғалыс жолына шығып кеткен, соның салдарынан ВАЗ-2107 көлігімен соқтығысқан. Көлік жүргізушісі және жол талғамайтын көліктегі үш жолаушы мерт болған. TANK 500 көлігін тізгіндеген әйел аудандық ауруханаға жатқызылған.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
— Іс Жамбыл облыстық полиция департаментіне берілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеуді ПД басшылығы бақылауда. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады, — деп хабарлады полиция.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысында бұрынғы депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол апаты болып, бір адам зардап шеккен. Базарбек оқиға туралы өз парақшасында пікір білдірді.
Жиырма төрт күннен кейін жәбірленушінің комадан шыққаны және кейін ауруханадан шығарылғаны туралы хабарланды.
Түркістан облысында болған жол апатынан екі адам көз жұмды.