Жамбыл облысында әскери қызметші қызына тиесілі тұрғын үй төлемін өндіріп алды

АСТАНА. KAZINFORM – Бұрынғы әскери қызметші қызының мүгедектігіне байланысты тиесілі қосымша тұрғын үй алаңы үшін төлемді сот арқылы қайта есептетіп алды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жамбыл облысында әскери қызметші қызына тиесілі тұрғын үй төлемін өндіріп алды
Фото: Kazinform / ЖИ

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында хабарлағандай, әйел 2014 жылғы желтоқсаннан бастап кіші сержант шенінде әскери қызмет атқарған. 2026 жылғы наурызда әскери қызметте болудың шекті жасына жетуіне байланысты запасқа шығарылған.

Әйел жұмыстан босатылғанға дейін тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген кезеңдер үшін біржолғы төлем алуға қатысты әскери қолбасшылыққа өтініш білдірген. Өтінішінде отбасының жағдайын да ескеруді сұраған. Өйткені оның қызы бала кезінен III топтағы мүгедектігі бар адам ретінде қосымша тұрғын үй алаңына құқылы.

Әңгіме төлем мөлшеріне әсер етуі тиіс 18 шаршы метр қосымша алаң туралы болып отыр. Алайда тұрғын үй комиссиясы негізгі төлемді тағайындағанымен, қосымша алаңды есепке алудан бас тартқан.

Әйел жоғары тұрған әскери қолбасшылыққа жүгінгенімен, шешімді өзгерте алмаған. Осыдан кейін дау сотта қаралды.

Сот «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 75-бабына сәйкес, мүгедектігі бар балалары бар отбасыларға қосымша оқшауланған бөлме берілуге тиіс екенін атап өтті. Мұндай алаң артық деп есептелмейді және тұрғын үй төлемін анықтау кезінде ескерілуі қажет.

Сот комиссияның бас тартуын заңсыз деп танып, күшін жойды. Енді комиссия қызына тиесілі қосымша алаңды ескере отырып, тұрғын үй төлемін тағайындау туралы шешім қабылдауға міндетті.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде өтемақы алу үшін шартты некеге тұрған әскери қызметші сотталған еді.