Жамбыл облысында ауыл тұрғындары үшін кітапхана-клуб пен спорт алаңдары салынды
ТАРАЗ. KAZINFORM — Өңірдегі ауылдық елді мекендерде жаңа нысандардың құрылысы мен қолданыстағы нысандарды қайта жаңғырту жұмыстары тұрғындарға демалуға және спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді.
Мәдени және спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары туралы Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бірқатар нысан тұрғындардың игілігіне берілсе, енді бірінде құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.
Жүзеге асырылған жобалардың бірі — Айдарлы ауылындағы кітапхана-клуб ғимараты. Оның құрылысы 2024 жылы басталған. Жобаның құны — 256 млн теңге. Қазіргі уақытта барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
Жаңа ғимарат ауылдың инфрақұрылымын екі бағыт бойынша толықтырды. Атап айтқанда, кітапхана қызметін көрсету және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру мүмкіндігі кеңейді. Клуб 90 орынға арналған. Жергілікті билік бұл нысан ауыл тұрғындарының кітап оқып, шығармашылықпен айналысып, өзара пікір алмасуына арналған тағы бір қоғамдық кеңістікке айналады деген сенімде.
Айдарлы ауылында жақында тағы бір ірі жоба — дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Нысан «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталып, 2025 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілді. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, нысанның құны — 340,4 млн теңге.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауылда мәдени демалыс пен дене шынықтыруға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Спорттық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары басқа да елді мекендерді қамтыды. Бірлік ауылында орталық стадион қайта жаңғыртылды. Бұл жұмыстарға 2025 жылы облыстық бюджеттен 193 млн теңге бөлінген. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін стадион 2026 жылдың мамыр айында салтанатты түрде ашылып, тұрғындардың игілігіне берілді.
Мойынқұм және Қияқты ауылдарында футбол алаңдары салынды. Аудандық бюджеттен бұл нысандарға 37,9 млн теңге бағытталған. Әкімдік мәліметінше, алаңдар пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін қолжетімді.
Жаңа құрылыс жұмыстарымен қатар, ауданда бұған дейін талапқа сай болмаған жеті футбол алаңы қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 41,3 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстар толық аяқталды.
Келесі нысанды Құшаман ауылында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мұнда күрес және бокс секцияларына арналған спорт залының құрылысы жүргізілуде. Болашақ чемпиондар жаттығатын нысанға аудандық бюджеттен 125 млн теңге бөлінген. Қараша айындағы мәлімет бойынша, құрылыс жұмыстарының 95%-ы аяқталған. Жобаны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Демалыс орындарын дамыту жұмыстары ашық қоғамдық кеңістіктерде де жүргізіліп келеді. Аудан әкімі биыл Бірлік және Биназар ауылдарындағы орталық саябақтар қайта жаңғыртылғанын айтты. Сонымен қатар, аудан орталығында Амангелді көшесінің бойындағы аллея мен Қ. Рысқұлбеков атындағы саябақ жаңартылды.
Мойынқұм ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған ескерткіш қайта жаңғыртылды. Оның тас тақталарына соғысқа қатысқан 3 400 адамның есімі қашалып жазылған.
Спорттық кеңістіктерді қалыптастыруға кәсіпорындар да үлес қосып келеді. Әкімдік мәліметінше, «Аппақ Минералс» ЖШС Ақбақай ауылында құны 14 млн теңге болатын стрит-воркаут алаңын салған.
Бұдан бөлек, Ақбақай ауылында 2026 жылы жазғы сахна мен футбол алаңын салу жоспарланған. Әзірге бұл жобалар жоспарлау кезеңінде тұр. Олардың құны мен нақты іске асырылу мерзімі туралы аудан әкімдігі қосымша ақпарат беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 562 млрд теңгеден асқанын жазғанбыз.
Алексей Поляков