Жамбыл облысында есірткі өсірген 61 жастағы тұрғын ұсталды

Жамбыл
Фото: Облыстық ПД

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысының полиция қызметкерлері «Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Жамбыл ауданында есірткіні заңсыз өсірген тұрғынды ұстады. 

61 жастағы күдікті есірткінің қарасора, көкнәр сорттарын өсірген. Оның бақшасынан жалпы салмағы 1520 түп көкнәр өсімдігі, 37 каннабис бұтасы анықталды. Нәтижесінде 54 келі көкнәр, 53 кг марихуана, барлығы 100 келіден асатын есірткі тәркіленді.

«Ұсталған адам өз кінәсін толығымен мойындады. Жамбыл АПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. «Қарасора-2024» іс-шарасы аясында есірткіні заңсыз өсіруді, транзиттеуді, алқаптарын және есірткі зертханасын жоюды, ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шаралар одан әрі жалғасатын болады», – деді Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Бұған дейін Таразда орта жастағы әйелден 42 келі есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар