Жамбыл облысында қар құрсауында қалған бақташылар аман-есен табылды
12 желтоқсаны күні сағат 00:24 шамасында полиция бөліміне Шу ауданы Көкқайнар ауылынан 15 шақырым жерде шаруа қожалықтардың бiрiнен 2 малшысы адасып, жоғалып кеткені туралы хабар түсті, деп хабарлайды Kazinform.

Хабарлама бойынша тез арада полиция қызметкерлері, аудан әкімдiгi, ТЖД қызметкерлерi, жергілікті тұрғындар, арнайы жол техникасы жұмылдырылып, жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Қалың қар басқан жолдар «Грейдер» техникасымен аршылды.
«Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде түнгі сағат 3:00 кезінде малшылар және қарауындағы малдары аман-есен табылды. Құтқарылған азаматтардың жағдайы бірқалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді», - деді Шу ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Дiнмұхамбет Қойтөриев.
Бұған дейін Жамбыл облысында 4 жасар баланың басы көліктердің арасына қысылып қалғанын жазған болатынбыз.