Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді

АСТАНА.KAZINFORM  — «Қызғалдақ мұра» фестивалі: Жамбылдық 100 қолөнерші киіз басып, Қазақстанның рекордтар кітабына енеді. 

Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Жер жаһанға Грейг қызғалдағының «отаны» ретінде танылған Жамбыл облысы көктемде қызыл кілемге оранғандай құлпырады. Сәуір-мамыр айларында өңірдің жазиралы даласы алқызыл, сары, қызғылт түсті қызғалдақтармен көмкеріліп, табиғаттың ғажайып көрінісін сыйлайды.

Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Осы ерекшелікті ескере отырып, 2025 жылдың 2-3 мамыр күндері Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Талас ауданы, Есейхан ауылы, Қаратау тауының бөктерінде «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі ұйымдастырылады.

Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев фестиваль аясында өтетін іс-шаралар жоспарын таныстырды.
Фестивальдің мақсаты — Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттыру, қызғалдақтардың табиғи өсу ортасын сақтау және мәдени мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу.
Халықаралық деңгейдегі шараға Германия, Украина, Түркия, Қырғызстан, Ресей, Иран және Голландиядан келген шетелдік қонақтар қатысады деп күтіліп отыр.

Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Екі күндік фестиваль аясында ғылыми конференция, флористерге арналған шеберлік сағаты, ұлттық спорт ойындары, сән көрсетілімі, қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді.

Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Конференцияда әлемнің белгілі ғалымдары, сарапшылар, ботаника, экология, жаратылыстану ғылымдарының мамандары, шетелдік және отандық зерттеушілер қызғалдақтарды бірегей мұра ретінде сақтау және оларды қорғау мәселелерін жан-жақты талқылайды. Конференция қонақтары үшін тарихи-мәдени нысандарға экскурсия ұйымдастырылады. Нидерланды, Қырғыз Республикасының және өңірдің жетекші флористері қатысушыларға гүл шоғын жасау өнерінің қыр-сырын үйретіп, тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен бірге флористер достастық пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды. Бұл бастама елдер арасындағы гүл өсіру мәдениеті мен шығармашылықтың берік негізін қаламақ.

Табиғат аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Атап айтқанда, аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық ату, тазы иттер жарысы бойынша жеңімпаздар белгілі болады.

Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Сән көрсетілімі «Қызғалдақ сәні» тақырыбына арналады. Жергілікті 14 дизайнер заманауи және ұлттық нақыштағы сән үлгілерін көпшілік назарына ұсынады.
Сондай-ақ «Қымызмұрындық» рәсімі аясында «үздік бие сауушы» анықталады. «Қазық қағу», «Бие байлау» дәстүрлері дәріптеліп, «Қымыз ашыту» бойынша шеберлік сағаты өтеді.

100 қолөнершінің қатысуымен 20×10 метрлік қызғалдақ бейнесі салынған киіз басылып, Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енгізілмек.

Облыс тұрғындары мен қонақтары үшін тамақ пен сусын сатылатын фудкорт ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар