Жамбыл облысында көші-қон арнасын ұймдастырды деген күдікпен 4 адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM - Алматы қаласында белгіленген өткізу пункттерінен тыс Қазақстанның Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Қырғызстан мен Өзбекстанның 10 азаматы анықталды, деп хабарлады Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілерінің жолын кесу мақсатында Қордай ауданының прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен ведомствоаралық тергеу-жедел тобын құрды.
Жүргізілген келісілген тергеу-жедел іс-шаралар кешені нәтижесінде биылғы мамыр-шілде айлары аралығында Алматы қаласы аумағында белгіленген өткізу пункттерінен тыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларының 10 азаматы анықталды.
Заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен 4 адам әшкереленіп, ұсталды. Олардың 3-еуі Қазақстан Республикасының, 1-еуі Қырғыз Республикасының азаматы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары бойынша Қырғыз Республикасының азаматы шетелдік азаматтарды Мемлекеттік шекараға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырған. Кейіннен оларды Қазақстан Республикасының аумағында Алматы қаласына одан әрі тасымалдауды оның сыбайластары қамтамасыз еткен.
Барлық күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК 394-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қордай ауданының прокуратурасы Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, сол сияқты заңсыз көші-қонды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Шекара аймағында заңдылықты қамтамасыз ету және бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар жалғасуда.
Осыған дейін Қызылордада көші-қон заңнамасын бұзудың 100-ден астам дерегі тіркелгенін жазған едік.