Жамбыл облысында кішкентай қызды зорлаған жігіт өмір бойына бас бостандығынан айырылды
ТАРАЗ.KAZINFORM - Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыс үшін заңда басқа жаза қарастырылмаған.
Іс кішкентай қызға қатысты болғандықтан және сот отырысы жабық есік жағдайында өткендіктен, соттың баспасөз қызметі берген ресми мәлімдемеде оқиғаның барлық мән-жайы ашылмаған.
Белгілісі екінші сынып оқушысының ата-анасы үйде болмаған. Оның қасында көзі көрмейтін қарт атасы және кішкентай сәби болған. Сол уақытта отбасының туысы үйдегі Wi-Fi құпия сөзін білу үшін келген.
Ер адам бетіңнен сүйемін деп қызды шақырып алған. Ата-анасының жоқтығы мен қарт адамның дәрменсіздігін пайдаланып, балаға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Ауырсынып тұрған кішкентай қыз анасы кешке үйіне келгенде болған жайды айтып береді.
Әйел дереу полицияға қоңырау шалған. Тергеушілер үйді тексеріп, жұмсақ жиһаздан мата мен микроталшық үлгілерін алды.
Іс кейінірек Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына жолданды. Баламен зорлық-зомбылық сипатында жыныстық қатынасқа түскені үшін ол Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша сотталды.
Сотталушы кінәсін ішінара ғана мойындады. Прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленуші тарап ер адамды кешірмейтінін айтып, оны заңның ең қатаң жазасымен жазалауды сұрады.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Ақтөбеде кәмелетке толмаған қызға сексуалдық зорлық көрсеткен әскери қызметші сотталды.
Сондай-ақ СҚО-ның бірнеше ауданында балаға қатысты туыстары тарапынан сексуалды зорлық-зомбылық жасалғаны анықталған.