Жамбыл облысында құмар ойынға қатысқаны үшін 4 мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының Жуалы ауданында букмекерлік кеңсеге ақша тігіп келген төрт мемлекеттік қызметші теріс себептермен жұмыстан босатылды. Олардың бірі ойын шотына 23 млн теңгеден астам қаражат аударған. Бұл деректі аудан прокуратурасы анықтады.
Прокуратура лудоманияның алдын алу шаралары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуына жүргізген талдау барысында жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің құмар ойындарға жүйелі түрде қатысқанын анықтаған.
Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы тұрақты түрде ақша тігіп отырған.
Қазақстанда 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға заң жүзінде тыйым салынған. Бұл шектеуді бұзу мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болады.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде тәртіптік комиссия төрт мемлекеттік қызметшіні жұмыстан босату туралы шешім қабылдаған.
-Аталған шектеулер ойынға тәуелділіктің алдын алуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған,-делінген хабарламада.
Осыған дейін СҚО-да құмар ойынға салынған үш мемқызметші жұмыстан шығарылғаны туралы жаздық.