Жамбыл облысында құны 5 миллион теңге болатын гашиш тәркіленді
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында кезекті есірткі трафигі арнасының жолы кесілді.
Жедел іздестіру іс-шараларын Шу ауданы Төле би ауылында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің қызметкерлері жүргізді. Нәтижесінде есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен 25 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.
Күдіктіден ішінде гашиш есірткі құралы бар полиэтилен қапшығы тәркіленген. Ер адам оны Алматы қаласында сату үшін сақтаған.
«Алынған заттың жалпы салмағы 14 келі 20 грамм – бұл шамамен 5 600 дозаны құрайды. Олардың қара нарықтағы жалпы құны 5 млн. теңгеден асады. Ұсталған адам кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда есірткі таратып жүрген Пәкістан мен Үндістанның азаматтары ұсталғаны хабарланған болатын.