Жамбыл облысында мамандармен қамтамасыз етуде қандай мәселе бар
ТАРАЗ. KAZINFORM – Облыстың 17 мыңнан астам тұрғыны жұмыс таба алмай жүр, ал түрлі кәсіпорындар жылдар бойы кәсіби тұрғыда мықты мамандарды іздеп жатыр.

Атап, айтқанда, қазір Жамбыл облысы бойынша «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінде 17 114 адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Биыл облыстық Еңбек ұтқырлығы орталығы 32400 адамды жұмыспен қамтып, 9086 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Қазіргі еңбек нарығы үнемі өзгеріске ұшырап тұрады және ондағы сұраныс та құбылмалы. Технологиялық прогресс, экономикалық даму және жаһандық өзгерістер адамдардан білімді ғана емес, сонымен қатар оқуға және бейімделуге дайын болуды талап етеді.
- Бүгінгі таңда адам еңбегін технологиялар мен механизмдер алмастырып жатыр, сондықтан кейбір мамандықтарға сұраныс жоғалып келеді. Уақыт өте келе кейбіріне сұраныс азайып отыр, яғни бұл кәсіптердің арасында кітапханашы, аудармашы, пошташы, байланыс орталығының операторын атап өтуге болады. Алайда, еңбек нарығында сұраныстың болмауы бұл мамандықтың маңызы жоғалды дегенді білдірмейді. Мәселен, Жамбыл облысы аграрлық өңір болғанымен, бізде агроном немесе зоотехник сияқты мамандықтарға өтініштер өте аз. Сондай-ақ, біздің облыста экологтарға жұмыс табу өте қиын, - деді Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Еңбек ұтқырлығы орталығы директорының орынбасары Әділқайыр Атин.
Жұмыс іздеген әр адам нарықтағы үрдістерді назарда ұстап, жаңа кәсіптерді үйреніп, үнемі өзін жетілдіруге мән беруі керек. Осыны түсініп, заман талабына сай ілгері жүргендер өзіне ұнайтын жұмыс тауып, қазіргі тұрақты өзгерістер жағдайында мансабында жоғары өрлей алады.
- Әрине, кейбір мамандықтар өзектілігін жоғалтып жатса, ал басқаларына сұраныс артып отыр. Қазір техникалық мамандықтардың біразына сұраныс көбейді. Түрлі саладағы IT мамандары мен HR мамандарын өңірдегі жұмыс берушілер көп сұрап жатады. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері мен тау-кен мамандарына көп жылдар бойы сұраныс болды. Сауда-саттық саласындағы менеджерлер, маркетологтар, тігіншілер, мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары үнемі жұмыс табады, - деді Ә. Атин.
Өзіне керек жұмысты іздеп жүрген адамдар тұрақты қызмет орны табылғанға дейін уақытша жұмысты ұсынатын Еңбек ұтқырлығы орталығына хабарласа алады. Бұл тәсіл қиын кезеңде адамдарды қолдауға және сонымен бірге олардың экономикалық белсенді болуына көмектесуге мүмкіндік береді. Мәселен, осы жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілген адамдарға жалақы төлеуге 500 млн теңге бөлді.
Дегенмен, егер сұранысы бар мамандықты меңгерсеңіз, онда жұмысқа орналасу мәселесі өте тез шешілуі мүмкін. Бұл тұрғыда Таразда физика пәнінің жас мұғалімі Нұрсая Мейрамбай жұмыс іздеп әуре болмағанын айтып отыр.
— Дипломды қолыма алған бойда, Еңбек ұтқырлығы орталығына құжат тапсырдым. Екі аптадан кейін мені «Парасат» қалалық колледжіне жастар тәжірибесіне жіберді. Оны аяқтағаннан кейін, бірден оқу орнына тұрақты жұмысқа орналастым», - дейді жас маман.
Жаппай жұмыспен қамту іс-шаралары Жамбыл облысында жұмыс табудың тиімді тәсіліне айналған. Бұл ретте бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне ұсыныс жасайтын ондаған жұмыс беруші және жаңа мансап мүмкіндіктерін қарастырған жүздеген жұмыс іздеуші тартылады.
Мұндай іс-шаралар жұмыс берушілердің жаңа қызметкерлерді кездестіруінде тамаша алаңға айналды. Осы орайда еңбек нарығының сұраныстары мен халықтың жұмыс іздеудеуі мәселесінде алшақтықты жоюға көмектеседі. Бұл өз кезегінде облыс тұрғындарына жұмыс табудың, ал жұмыс берушілер үшін білікті жұмысшыларды табудың қолайлы әрі тиімді жолы.
2024 жылдың 11 айында облыста 123 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараларға 2 461 жұмыс беруші ұйым қатысып, 7 993 бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкелерге 5653 жұмыссыз қатысты, оның ішінде 2601 әйел, 161 мүмкіндігі шектеулі адам, сондай-жастар санатына кіретін 1804 адам бар.
Осындай іс-шаралардың нәтижесінде 709 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 319 жас маман жастар тәжірибесі аясында жұмысқа орналасты, 140 қатысушы «Күміс жас» бағдарламасына қосылды, 51 азамат әлеуметтік қызметкер ретінде жұмысқа тұрды. Биыл жалпы 1290 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Айта кетерлігі, бұл саладағы проблемаларға тек жұмыссыздар ғана емес, жұмыс берушілер де тап болады. Мәселен, қазір облыстық Қан орталығына бірнеше бос орынға маман керек. Оларға трансфузиологтар, терапевт дәрігерлер, мейіргерлер, зертханалық дәрігерлер қажет. Мұнымен қоса, бұл орталық білікті электрикті, экономисті және бухгалтерді іздеп жатыр.
Өңірдегі денсаулық сақтау саласы үшін кадр мәселесі әлі де өзекті. Қазір облыста 70 дәрігер жетіспейді. Оның 22-сі қалада, 48-і ауылдық жерлерде. Сала мамандарының айтуынша, осы жағдайға жалақының аздығы немесе әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейі себеп болып тұрған жоқ. Бүгінде медицина мамандарын жақсы жалақымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Қазір барлық жерде ауруханалар жаңартылып, ауылдық жерлердегі жұмысқа қосымша ынталандыру жасалып отыр. Ауылдарда дәрігерлердің тапшылығына тоқталсақ, бірінші кезекте жас мамандар ірі қалаларда жұмыс істеуге ұмтылады.
Сондықтан өңірде бұл мәселені кешенді түрде шешуге тырысып отыр. Мәселен, облыста денсаулық сақтау саласындағы ардагерлер кеңесі жастарға бұл проблеманы егжей-тегжейлі түсіндірумен айналысып жүр. Сондай-ақ, жыл басында ауыл дәрігерлерін басқа елдерге тағылымдамадан өтуге жіберу туралы шешім қабылданды.
Өңірде акушер-гинеколог (7 бос орын, оның 5-і ауылда), терапевттер (5 бос орын, оның 4-і ауылда), жалпы тәжірибелік дәрігерлер (6 бос орын, оның 5-і ауылда), анестезиолог-реаниматологтар (5 бос орын, оның 3-і ауылда) және инфекционист (5 бос орын, оның 4-і ауылда) мамандар тапшы.
Облыс орталығындағы сұранысы жоғары мамандықтарға тоқталсақ, қалаға клиникалық фармакологтар, кардиологтар, физикалық медицина және оңалту мамандары, клиникалық зертханалық диагностика мамандары қажет.
Бұдан бөлек, қазір жергілікті мектептер математика, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін, сондай-ақ аула тазалаушылар мен еден жуатын адамдарды жиі іздейді. Қазір мектептерде аула тазалаушыларға және еден жуатындарға жалақы тым аз болғандықтан, адамдар осы жұмыстарға бара бермейтіні түсінікті.
Enbek.kz сайтындағы ұсынылған бос жұмыс орындарын қарап шықсақ, Жамбыл облысының білім беру саласына тағы қандай мамандар жетіспейтінін көруге болады. Онда көбіне физика, химия, бастауыш сынып мұғалімі және мектеп психологына сұраныс бар.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінде Жамбыл облысындағы 42 техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде 27 мыңнан аса жас 103 мамандық бойынша білім алып жатыр. Оның 70 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды.