Жамбыл облысында мас күйінде көлік жүргізген ер адам 1,5 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында бұған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам қайтадан ішімдік ішіп, рөлге отырған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Биылғы мамыр айында аудан тұрғыны мас күйінде көлік басқарғаны үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Алайда маусым айында ол қайтадан ішімдік ішіп, көлік жүргізген.
Аудандық соттың мәліметінше, ер адам сол күні болған оқиғаның мән-жайын өзі айтып берген. Алдыңғы күні достарымен бірге ішімдік ішкен ол келесі күні тағы екі бөтелке сыра ішіп, көлік тізгіндеген.
Луговое ауылынан шығар тұста оны полиция қызметкерлері тоқтатқан. Жүргізушіні медициналық куәландырудан өткізу үшін аудандық ауруханаға жеткізген. Алғашқы тексеру кезінде оның мас екені анықталмаған. Кейін орталық аудандық ауруханада қайта тексерілгенде, жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде екені белгілі болған.
Сот екі тексерудің нәтижесін, бейнежазбаларды зерделеп, полиция қызметкерлері мен медицина мамандарынан жауап алған. Ер адам өз кінәсін толық мойындаған.
Прокурор оған екі жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Алайда сот кінәсін мойындағанын және оң мінездемесін ескеріп, жауаптылығын ауырлататын мән-жайларды анықтамаған.
Нәтижесінде жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, мас күйінде көлік басқарған ер адам 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойы көлік жүргізуге тыйым салынды.
Айта кетейік, бұған дейін мас күйінде апатқа ұшыраған астаналық 4 жылға сотталып кетті.