Жамбыл облысында өз егесін 30 млн шығынға ұшыратқан қойшы ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының Меркі ауданында шаруа қожалығының иесі малға түгендеу жүргізу кезінде 250 ұсақ малының жоғалғанын анықтап, полицияға жүгінген.

отар қой стадо овец
Фото: Александр Павский/Kazinform

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің «аса ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жасаған мал ұрлығы» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрланған малдың бір бөлігін Т.Рысқұлов ауданынан анықтады. Табылған малдар тану рәсімінен кейін заңды иесіне қайтарылды.

Тергеу барысында шаруа қожалықта мал баққан қойшының өзге де адамдармен алдын ала сөз байласып, малдарды жасырын жымқыруға қатысы бар екені белгілі болды.

Сонымен қатар, ұрланған малдың бір бөлігі кейіннен басқа адамдарға 800 мың теңгеге сатылғаны анықталды.

— Қылмыстық іс бойынша үш күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — дейді тәртіп сақшылары.

Бұған дейін Жамбылда бұрынғы қойшы 72 малды ұрлады деген күдікпен ұсталғанын жазғанбыз.