Жамбыл облысында ірі инвестордың экспорттық кедергілері жойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен прокуратура ірі инвестор — «KorCem» ЖШС-нің трансшекаралық экспорт мәселесін шешті, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

строительство цементного завода ТОО «Korcem»
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Бұған дейін кәсіпорын цемент өнімдерін Қырғыз Республикасына экспорттау кезінде бірқатар қиындыққа тап болған. Аталған проблема облыс прокурорының Қордай ауданында бизнес өкілдерімен өткізген кездесу барысында көтерілген. Мемлекеттік шекарадағы кідірістер салдарынан экспортқа бағытталған жобаның жеткізу кестесінің бұзылу қаупі туындаған.

— Мәселені жедел шешу мақсатында прокуратура Шекара қызметімен және Мемлекеттік кірістер департаментімен өзара іс-қимылды ұйымдастырды. Нәтижесінде мемлекеттік шекарадағы альтернативті өткізу пункті арқылы экспорттық ағындарды қайта бағыттауға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктер айқындалды. Қадағалау органының араласуының арқасында «KorCem» ЖШС цементті үздіксіз жөнелтуді қамтамасыз етіп, жеткізу көлемін арттырды, — делінген хабарламада.

Ведомство атап өткендей, өңір экономикасы үшін маңызы бар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жалғасады және ерекше бақылауда болады.

Бұдан бұрын Президент мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін толық орындауы керек екенін баса айтқан еді.