Жамбыл облысында шетелдікті шекарадан заңсыз өткізді деген күдікпен төрт адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында үш қазақстандық пен Қырғызстан азаматы шетелдікті мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізуді ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Четверых человек подозревают в переправке иностранца через границу в Жамбылской области
Фото: Жамбыл облысының полициясы

Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер «Нелегал – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ұсталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар Өзбекстан азаматының шекараны заңсыз кесіп өтуін ұйымдастырған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 394-бабы 2-бөлігімен, яғни заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Тексеру барысында полицейлер мемлекетаралық іздеуде жүрген тағы төрт адамды анықтады. Олардың бірі – Қазақстан азаматы, үшеуі – көршілес мемлекеттердің азаматтары.

Жалпы, іс-шара кезінде өңірде көші-қон заңнамасын бұзудың 293 дерегі тіркелді. Оның 53-і шетелдіктердің заңсыз еңбек етуіне қатысты. Тағы 63 жағдайда шетелдіктердің келгені туралы полицияға уақтылы хабарланбаған және олардың елде болу қағидаларын сақтауына жағдай жасалмаған.

Сонымен қатар шетел азаматтарын тиісті рұқсатсыз жұмысқа алған 15 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Сот шешімімен 77 шетелдік Қазақстан аумағынан шығарылды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда шетелдіктерге қазақстандық куәлік жасап жүрген азамат ұсталғаны туралы жаздық.