Жамбыл облысында тұмауға қарсы екпені кімдер тегін алады

АСТАНА. KAZINFORM – Маусымдық тұмау созылмалы аурулардың асқынуына әкеліп, науқасты ауруханаға жатқызуға мәжбүр етуі мүмкін. Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекцияның ауыр түріне шалдығу қаупі жоғары тұрғындар санаттарын атады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

п
Фото: freepik

Ведомствоның мәліметінше, тұмауды балалар мен егде жастағы адамдар ауыр өткеруі мүмкін. Сондай-ақ жүкті әйелдер, өкпе, жүрек, бауыр және бүйректің созылмалы аурулары бар науқастарға ерекше назар аудару қажет.

Азаматтардың бірқатар санатына тұмауға қарсы вакцина жергілікті бюджет есебінен салынады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері және медициналық ұйымдарда динамикалық бақылауда тұрған балалар бар.

Тиісті мекемелерде тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің тұрғындарына да вакцина тегін салынады.

Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинация бюджет қаражаты есебінен басқа да тәуекел топтарына жүргізілуі мүмкін. Департамент олардың қатарында жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерді, созылмалы аурулары бар адамдарды және 65 жастан асқан тұрғындарды атады.

Ведомство вакцинация тұмаудың ауыр өтуі, асқыну және ауруханаға жатқызу қаупін төмендететінін атап өтті.

Екпе алдында пациент тексеріліп, қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтау үшін дене қызуы өлшенеді. Вакцинация адамның ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі. Кәмелетке толмағандарға екпе ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімімен салынады.

Денсаулық сақтау министрлігі тұмауға қарсы вакцинациялау науқанына өңірлерге 2,1 млн доза жеткізілгені туралы хабарлады.