Жамбыл облысында жасөспірімдерге қатысты 180-нен астам заң бұзушылық анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында түнгі уақытта жүргізілген рейд кезінде полицейлер 182 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Олардың басым бөлігі — түнде ата-анасының қадағалауынсыз көшеде жүрген жасөспірімдер, деп хабарлайды Polisia.kz.

полиция
Фото: Polisia.kz

Қарашаның 9-10 күндері өткен түнгі рейдте полиция қызметкерлері облыс аумағындағы ойын-сауық орындарын, көшелер мен қоғамдық орындарды тексерді. Негізгі мақсат — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Рейд барысында 146 жасөспірімнің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені белгілі болды. Бұдан бөлек, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамауының 25 дерегі, ойын-сауық орындарына кәмелетке толмағандарды кіргізудің 6 дерегі және жасөспірімдер жасаған ұсақ бұзақылықтың 5 дерегі тіркелді.

Тексеру кезінде Тараз қаласындағы ойын-сауық орындарының бірінен түнгі сағат 04:30 шамасында кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Осыған байланысты мекеме иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

— Әрбір ата-ана баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін бақылауда ұстауы қажет. Кешкі сағат 22.00-ден үйде балаңыз болмаса, дабыл қағыңыз, іздеңіз, қадағалаңыз. Сіздің бақылауыңыз — балаңызды қауіптен сақтап қалуы мүмкін, — деп атап өтті Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Асет Оспанов.

Айта кетейік, аймақтағы үш жасөспірімнің өліміне қатысты іс сотқа жолданды.