Жамбыл облысында жұмыс іздеген 59 азамат есептен негізсіз шығарылған

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысындағы мансап орталықтарында жұмыс іздеп жүрген 59 азамат есептен негізсіз шығарылған. Жоспардан тыс тексерулерден кейін олардың құқықтары қалпына келтірілді.

Работник
Фото: pexels

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметінше, заңбұзушылықтар мансап орталықтарының қызметін тексеру барысында анықталған. Тексеру нәтижесінде азаматтар қайтадан есепке қойылды.

Жер қатынастары саласында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде де негізсіз бас тарту деректері тіркелген. Байзақ ауданында өтініш берушіге жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге, ал Меркі ауданында жерді жалға алу мерзімін ұзартуға рұқсат берілмеген. Департаменттің араласуынан кейін азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді.

– Қаңтар-қыркүйек аралығында ведомство 34 бақылау іс-шарасын өткізіп, 6247 заңбұзушылықты анықтады. Кейбір жағдайларда мемлекеттік органдар қызмет көрсету мерзімін созған немесе жеткілікті негізсіз бас тартқан, енді бірінде қосымша құжаттар талап еткен. Сондай-ақ құжаттар топтамасы толық болмаса да, мемлекеттік қызмет көрсетілген жағдайлар тіркелген, – делінген жарияланған ақпаратта.

Жалпы, тоғыз ай ішінде мемлекеттік қызмет алушы 350 азаматтың құқығы қалпына келтірілген. Ол үшін тексерулер жүргізіліп, тұрғындардың өтініштері мен мемлекеттік органдардың құжаттары зерделенген.

Атап айтқанда, Тараз қалалық білім бөлімінде жүргізілген жоспарлы тексеруден кейін 154 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Тағы алты жағдай Қордай ауданындағы жер қатынастары саласына, он жағдай Жамбыл ауданының Айша бибі ауылдық округі әкімі аппаратының қызметіне қатысты болған.

Анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша мемлекеттік органдарға орындалуы міндетті ұсынымдар жолданды.

21 лауазымды тұлғаға қатысты 46 әкімшілік хаттама толтырылып, оларды қарау нәтижесінде жалпы сомасы 2,8 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Осы кезеңде департаментке мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша азаматтардан 189 өтініш түскен.

Ведомство өкілдері мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, белгіленген мерзімді бұзу немесе басқа да мәселелер бойынша e-Otinish жүйесі арқылы шағымдануға болатынын еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында мемлекеттік қызмет көрсету саласында 8 мыңға жуық заңбұзушылық анықталып, 1608 азаматтың құқығы қалпына келтірілген еді.