Жамбыл облысында жүргізуші өз көлігінің астына түсіп, мерт болды
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында жол апаты салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі қаза тапты. Ер адам апат кезінде кабинадан ұшып кетіп, кейін өз көлігі үстінен басып өткен.
Оқиға 30 шілде күні Қордай ауданына қарасты Кенен ауылының маңында тіркелген. «ГАЗ-33023» пен жол жиегінде тұрған «КамАЗ-5511» маркалы жүк көліктері соқтығысқан. «Газельдің» жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші еңіс жолда ұйықтап кетіп, тұрақта тұрған жүк көлігіне соғылған. Соққы салдарынан алдыңғы әйнек арқылы сыртқа ұшып кеткен оны өз көлігі басып өткен.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда жарты жылда жол апатынан мыңға тарта адам көз жұмғаны хабарланған болатын.