Жамбыл облысындағы 73 елді мекен әлі күнге дейін табиғи газбен қамтылмаған

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында 73 елді мекен әлі күнге дейін табиғи газға қосылмаған. Биыл жыл соңына дейін газдандыру нысандарының құрылысына 8,5 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр.

Қызылорда облысындағы Ақжарма елді мекені тұрғындары табиғи газ тұтына бастады
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

2025 жылы өңірдегі 10 елді мекеннің 5 мыңға жуық тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша Жамбыл және Жуалы аудандарын газдандыру деңгейі 100%-ға, ал Талас ауданында 94,1%-ға жетті.

Дегенмен облыс аумағында табиғи газбен қамту деңгейі әлі де біркелкі емес.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта өңірдегі 284 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұл елді мекендерде 1,1 млн адам тұрады. Жалпы облыс халқының 91,8%-ы көгілдір отынға қол жеткізген.

– Табиғи газға қосылмаған 73 елді мекенді кезең-кезеңімен газдандыру жоспары әзірленді. Оны жүзеге асыру үшін жеткізуші газ құбырларын, газ тарату станциялары мен желілерді салу қажет, – деп хабарлады басқармадан.

2026 жылы тағы 5 мыңға жуық тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Нәтижесінде облыс халқын газдандыру деңгейін 92,2%-ға жеткізу жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу үшін қандай инфрақұрылымдық жұмыстар қажет екені туралы жазған едік.