Жамбыл облысындағы ауданда туристерге арналған қонақүйлер мен демалыс аймақтары бой көтеріп жатыр

ТАРАЗ. KAZINFORM - Меркі ауданында бір жыл бұрын басталған туристік жобалар аяқталып, туристерді орналастыратын жаңа нысандар мен жол бойындағы қызмет көрсету кешендері салынып жатыр.

Меркі ауданы
Фото: Меркі ауданының әкімдігі

Инфрақұрылымды дамытумен қатар тау, спорт және экологиялық туризм бағытында іс-шаралар өткізіліп келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Меркі ауданы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы мұнда жеті туристік жобаны іске асыру басталған. Оның бесеуі аяқталды. Бұл тізімге «Керуен-inn» және «Нұрсұлтан» қонақүйлері, «Рублевка» жол бойындағы қызмет көрсету кешені, «Royal Petrol» компаниясының екі нысаны, визит-орталық және «Мерке Агро Инвест» демалыс аймағы енген.

«Керуен-inn» қонақүйі жобасының құны – 1,4 млрд теңге, ал «Нұрсултан» қонақүйінікі – 348 млн теңге. Визит-орталық ашуға 80 млн теңге қарастырылған. Аудан есебінің туризм бөліміне енгізілген «Royal Petrol» компаниясының екі нысаны жол бойындағы инфрақұрылымды толықтырады.

Меркі ауданы
Фото: Меркі ауданының әкімдігі

Қолға алынған жобалар туристік инфрақұрылымның бірнеше бағытын – саяхатшыларды орналастыруды, ақпаратпен қамтамасыз етуді және жол бойында қызмет көрсетуді қамтиды. Бұл бағыттарды дамыту аудандағы табиғи орындарда демалу мүмкіндіктерін толықтыра түседі.

Былтыр басталған жобалардың екеуін 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Олар – құны 500 млн теңге болатын «Рублевка» жол бойындағы қызмет көрсету кешені және дәл осындай көлемде инвестиция салынатын «Мерке Агро Инвест» демалыс аймағы.

Сонымен қатар ауданда жаңа қонақүй жобалары қолға алынып жатыр. Биыл жеке кәсіпкер Нурила Умаров құны 500 млн теңге болатын қонақүйдің құрылысын аяқтады. Әкімдік бұл нысанды жеке инвестиция есебінен салынған нысандар қатарындағы маңызды жобалардың бірі ретінде атап отыр.

Тағы екі жоба Тәтті ауылында жүзеге асырылып жатыр. «Нов-ЭК» ЖШС құны 1,8 млрд теңге болатын жол бойындағы қызмет көрсету нысанын салуда. Кәсіпкер Тәуіржан Алтынбаев 300 млн теңгеге демалыс аймағын тұрғызып жатыр. Әзірге жобалар туралы толығырақ ақпарат пен пайдалануға беру мерзімдері белгісіз. Дегенмен әкімдіктегілер жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

Меркі шипажайы
Фото: Меркі ауданының әкімдігі

Туристерді орналастыру және демалыс орындарын дамытуға ауданда қалыптасқан туристік ағын негіз болып отыр. 2025 жылы Меркі ауданына шамамен 60 мың турист келген. Оның екі мыңға жуығы – шетелдіктер.

Нысандар салудан бөлек, ауданда туристік және спорттық іс-шаралар өткізіледі. 2026 жылы осындай алты іс-шара ұйымдастырылған. Оның үшеуі – республикалық, екеуі – облыстық, біреуі – аудандық деңгейде. Олардың қатарында тау, спорт және экологиялық туризмге, құзға өрмелеуге арналған іс-шаралар мен фестивальдер бар.

Әкімдіктегілер жаңа нысандардың мақсатына сай тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз ету бүгінгі басты міндет екенін айтады. Өйткені туристер болмаса, туристік нысандар да ешкімге қажет болмайды. Сондықтан мұндай іс-шаралар инфрақұрылымдық жобаларды толықтырады: қонақүйлер мен демалыс аймақтары туристерді орналастыруға мүмкіндік берсе, спорттық және туристік шаралар ауданға келуге қосымша себеп болады.

Белсенді демалысқа жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Жуырда Меркіде тау шатқалына апаратын жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынды. Жергілікті тұрғындар мен туристер бұл жобаны жүзеге асыруды көптен бері сұрап келген.

құзға өрмелеу
Фото: Меркі ауданының әкімдігі

Туристік бастамалар аудандағы ауқымды инвестициялық жобалар тізіміне кіреді. 2026 жылы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм салаларында 43 жоба іске асырылып жатыр. Оның 11-і аяқталған, қалған 32 жоба бойынша жұмыс жалғасуда.

Бұл тізімнің туризмге қатысты бөлігіне ауқымы әртүрлі нысандар – визит-орталықтан бастап қонақүйлер, демалыс аймақтары мен жол бойындағы кешендерге дейін енген. Олардың кезең-кезеңімен аяқталуы саяхатшыларға арналған инфрақұрылымды кеңейтіп, Меркі ауданындағы ішкі туризм мүмкіндіктерін толықтыра түсуге тиіс.

Еске салсақ, бұған дейін Меркі ауданында аумағы 86 мың гектардан асатын табиғи парк құрылған. Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғаумен қатар, мұнда экологиялық туризмді – жаяу және атпен жүретін бағыттарды, тауда серуендеуді және құстарды бақылауды дамыту көзделген.

Сондай-ақ Жамбыл облысындағы туристік инфрақұрылымның жаңаруы туралы жазған едік. Атап айтқанда, «Мерке Радон» шипажайында инженерлік желілер ауыстырылып, жаңа лифтілер орнатылған. Шипажай басшылығы қосымша 120 орындық корпус салу жоспары туралы да хабарлаған.