Жамбыл облысындағы бөлшек сауданың 70%-ға жуығы Таразға тиесілі
АСТАНА. KAZINFORM — Аудандар арасында Қордай сауда көлемі бойынша көш бастап тұр, ал ең жоғары өсім Мойынқұм ауданында тіркелді. Сонымен қатар екі аудан тоғыз айды сауда көлемінің төмендеуімен аяқтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының облыстық департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында өңірдегі бөлшек сауда көлемі 473 млрд теңгені құрады. Баға өзгерісін ескергенде, сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға өскен.
Бұл ретте департамент басшысының орынбасары Гүлмира Иманбаева жеке кәсіпкерлердің сауда айналымы 14,4%-ға төмендегенін хабарлады. Нарық құрылымын толығырақ Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы жариялаған басқа деректерден көруге болады. Осы жарияланымға сәйкес, сауда кәсіпорындары мен ұйымдары 298,3 млрд теңгенің тауарын сатқан. Бұл облыстағы бөлшек сауданың 63,1%-ын құрайды. Базарларда сауда жасайтындарды қоса алғанда, жеке кәсіпкерлердің үлесіне 174,7 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 36,9%-ы тиесілі.
Осы кестеде сауда көлемінің аумақтар бойынша бөлінісі де көрсетілген. Жарияланған мәліметтер негізінде есептегенде, Тараз қаласының үлесі 69,1%-ды құрайды. Он ауданның арасында сауда көлемі бойынша Қордай ауданы көш бастап тұр. Одан кейін Шу ауданы орналасқан. Ең аз сауда айналымы Сарысу ауданында тіркелген.
2026 жылдың тоғыз айындағы сауда көлемі және оның 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғандағы өзгерісі төмендегідей:
-
Тараз қаласы — 327 млрд теңге, өсім 1,6%;
-
Қордай ауданы — 40,4 млрд теңге, өсім 5%;
-
Шу ауданы — 22,3 млрд теңге, төмендеу 4,6%;
-
Байзақ ауданы — 19,4 млрд теңге, өсім 7,7%;
-
Меркі ауданы — 18,9 млрд теңге, өсім 5,7%;
-
Жамбыл ауданы — 18 млрд теңге, өсім 4,8%;
-
Тұрар Рысқұлов ауданы — 7,1 млрд теңге, өсім 0,5%;
-
Мойынқұм ауданы — 6,9 млрд теңге, өсім 25,6%;
-
Жуалы ауданы — 4,7 млрд теңге, өсім 4%;
-
Талас ауданы — 4,6 млрд теңге, өсім 0,8%;
-
Сарысу ауданы — 3,6 млрд теңге, төмендеу 6,8%.
Сегіз ауданда бөлшек сауда көлемі артса, екі ауданда төмендеген. Бұл ретте сауда айналымының жоғары болуы оның өсу қарқыны да жоғары дегенді білдірмейді. Мәселен, Шу ауданы аудандар арасындағы сауда көлемі бойынша екінші орында тұрғанымен, оның көрсеткіші едәуір төмендеген. Ал Мойынқұм ауданы сауда нарығының көлемі жағынан көшбасшылардан едәуір артта қалғанымен, өсу қарқыны бойынша басқа аумақтардан озып тұр.
Ұлттық статистика бюросының тауар түрлері бойынша деректеріне сәйкес, облыстағы бөлшек сауданың өсуіне азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасы ықпал еткен. Бұл санаттағы тауарлардың сатылымы 3,8%-ға өскен. Ал азық-түлік өнімдерінің сауда көлемі өткен жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы деңгейде қалған.
Ақшалай мәнде азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесіне 293,7 млрд теңге немесе нарықтың 62,1%-ы тиесілі. Азық-түлік өнімдері 179,3 млрд теңгеге сатылған. Бұл жалпы сауда көлемінің 37,9%-ын құрайды.
Тауар түрлері бойынша бөлініс сауда көлемі төмендеген екі ауданда қай санаттағы тауарлар сатылымы азайғанын көрсетеді. Сарысу ауданында азық-түлік өнімдерінің сатылымы 41,7%-ға қысқарған. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың саудасы 4,1%-ға ғана өскен. Шу ауданында керісінше, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың сатылымы 7,6%-ға төмендесе, азық-түлік өнімдерінің саудасы 2,5%-ға артқан.
Ұлттық статистика бюросы ауылдық жерлердегі сауданы да бөлек көрсетеді. Мұнда бөлшек сауда айналымы 119,3 млрд теңгені құраған. Ауылдардағы сауданың 83,8%-ын сауда кәсіпорындары мен ұйымдары қамтамасыз еткен. Жеке кәсіпкерлердің үлесі 16,2% болған.
Бұған дейін Жамбыл облысының таңбасы жаңаруы мүмкін екенін жазғанбыз.