Жамбыл облысындағы мектепке 68 млн теңгенің сертификаты берілді

ТАРАЗ. KAZINFORM – Таразда «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбымен білім қызметкерлерінің облыстық Тамыз педагогикалық кеңесі өтті.

Жаңа оқу жылына дайындығы нашар мектептер қай өңірлерде анықталды
Фото: Pixabay

Онда Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алып, 68 млн теңгенің сертификатына ие болды.

– Мектебімізде 1430 оқушы бар. Оларға 164 мұғалім сабақ береді. Өзімнің жалпы 36 жылдық еңбек өтілім болса, соның 22 жылында директор болып еңбек етіп келемін. Екі жылдан бері осы білім ошағында ротацияланған мектеп директорымын. 

Түрлі байқау, олимпиадалардан бөлек, соңғы екі жылда оқушыларымыз робототехникадан республикалық қана емес, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары атанып жүр. 

Ал мұндай марапатқа жету үшін күн-түн демей жұмыс істеу керек. Ұжымның, оқушылардың, ата-аналардың ынтымақ-бірлігінің арқасында осындай нәтижеге жетіп жатырмыз. 

Жеңіп алған қаражатты мектебіміздің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, цифрландыру жағына бағыттасақ жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлжан Тілеубердиева. 

Сондай-ақ, кеңес барысында «Колледждер лигасының» жеңімпазы Жамбыл инновациялық жоғары колледжіне 10 млн. теңгенің сертификаты тапсырылды.

«Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған білім беру ұйымдары 1 млн теңгемен, республикалық «Үздік педагог» байқауында 7 бірдей педагогі «Үздік педагог» атағын иеленген облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының ұжымы «Үздік педагогтер шеберханасы» номинациясымен және 500 мың теңге ақшалалай сыйлықпен марапатталды. 

«Үздік инновациялық мектепке дейінгі ұйым» аталымы бойынша да облыстағы бірқатар балабақшалар марапатталып, 500 мың теңгеге ие болды.

Бұған дейін Жас маман министрге Жамбыл облысындағы сыбайлас жемқорлық туралы шағымданғанын жазған болатынбыз.