Жамбыл облысының ауылдық елді мекендерінде биыл 8 Мәдениет үйі пайдалануға беріледі

ТАРАЗ. KAZINFORM – Республика күні және Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына орай Талас ауданы Көктал елді мекенінде ауылдық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Аталған мәдениет нысанының құрылысын мердігер  «Taimas Construction Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бес айдың ішінде аяқтаған.

Жамбыл облысы
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

Клубтың салтанатты ашылу жиына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, мәдениет саласын дамытуға бағытталған жұмыстардың маңызына тоқталып өтті.

Жамбыл облысы
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

«Мәдениет ошағының ашылуы – рухани жетістігіміздің бір жемісі, жақсылықтың көрінісі. Өйткені өсетін ел мәдениеті мен руханиятына аса мән берген. Мәдениеті жоғары ұлт қана әлемдегі өркениетті елдердің ортасынан орын алатыны сөзсіз. Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі екендігін алға қойып отыр. Ауылды елді мекендерде ашылып жатқан осындай нысандар – соның бір көрінісі», – деп атап өтті Серік Жақсылықұлы салтанатты іс-шара кезінде.

Айта кетейік, 2021 жылдан бері облыс көлемінде 18 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген.

Жамбыл облысы
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

Ал биыл 16 мәдениет нысанының құрылысы басталып, жыл аяғына дейін 8 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Жамбыл облысы
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

Бүгінгі күні Жамбыл облысында 199 мәдениет үйі мен клубтар тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. Олардың 171-і типтік ғимаратта, 28 клуб ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан.

Сондай-ақ, биыл Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына орай «Туған өлкем - Жамбылым!» атты композиторлар мен қылқалам шеберлерінің республикалық байқаулары, қолөнершілердің облыстық байқауы, «Күзгі әуен» классикалық өнер фестивалі және халық ақыны, жырау, дүлдүл әнші, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Шырқа, даусым» ХІІ Республикалық дәстүрлі әншілер конкурс-фестивалі және басқа да мәдени-бұқаралық іс-шаралар жоспарланған.