Жамбыл облысының дәріханаларына 2,7 млн теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында дәрілік препараттарды рецептсіз сатуға қатысты 16 әкімшілік іс қозғалып, дәріханаларға жалпы сомасы 2 млн 681 мың 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жамбыл облысының дәріханаларына 2,7 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Kazinform

Рецептпен босатылатын дәрілер дәрігердің тиісті тағайындауы бойынша сатылуы керек. Алайда Жамбыл облысында қажетті рецептсіз дәрі-дәрмек беру деректері анықталған.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне осындай фактілер бойынша 16 материал түскен. Олардың әрқайсысы әкімшілік іс қозғауға негіз болған.

– Айыппұлдардың жалпы сомасы 2 млн 681 мың 500 теңгені құрады, – деп хабарлады ведомство.

Мұндай заңбұзушылықтармен бірнеше орган бірлесіп жұмыс істейді. Құқық қорғау органдары тиісті материалдарды жолдаса, бейінді департамент оларды қарап, өз құзыреті аясында шара қабылдайды. Бақылау медициналық ұйымдардың қызметін де, дәрілік заттардың айналымын да қамтиды.

Бұған дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан дәріханаларында дәрі бағасын негізсіз көтеру мен препараттарды рецептсіз сатуды жиі кездесетін заңбұзушылықтар деп атаған еді.

Айта кетейік, Шымкентте фармацевтикалық қызмет саласында 73 заң бұзушылық анықталды.