Жамбыл облысының шенділері 700 млн теңгені негізсіз жұмсамақ болған

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысының прокуратурасы 700 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды.

заң
Фото: freepik.com

Аймақтағы Қордай ауданының прокуратурасы бюджет заңнамасы саласына жүргізген талдау нәтижесі бойынша аудан әкімдігі қызметінде бұзушылықтарды анықтады.

«Жергілікті атқарушы орган растайтын қажетті құжаттарсыз және негіздемесіз бюджеттің шығыс бөлігіне 700 млн теңгеден астам қаражатты енгізген. Мысалы, әкімдік шығыс бағанасына су құбыры люктерін орнатуға 67 млн теңге қаражат қарастырған. Алайда, шығыстың осы бағытының экономикалық негіздемесі айқындалмаған», — делінген прокуратура мәліметінде.

Нәтижесінде прокурорлық қадағалау актісімен 700 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жұмсалуы алдын алынды.

Заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 6 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.