Жамбыл облысының тұрғыны мая шөптің арасында 23 келі есірткі сақтаған
Жамбыл облысының Полиция департаменті ЕҚҚІБ қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Меркі ауданының 54 жастағы тұрғынының үйіндегі сарайда жиналған шөптің арасынан ішінде түрлі есірткі заттары бар 3 полиэтилен пакет тапты, деп хабарлайды Kazinform.
Полиэтилен пакет ішінде жалпы салмағы 22 келі 744 грамм «кептірілген марихуана» және 10 грамм «гашиш» болған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
«Ер адам өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Осы қылмысты жасағаны үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген», - деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі Әлім Бажықбаев.
Бұған дейін Тараз қалалық құрылыс бөлімінің басшысы үш жылға сотталғанын жазған болатынбыз.