Жамбыл облысының тұрғыны Tik-Tok желісіндегі жарияланым үшін сот алдында жауап берді

  Мойынқұм аудандық сотында ар-намысты қорғау туралы іс тыңдалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жамбыл облысы
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жамбыл облыстық соты баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Мойынқұм аудандық сотында А .есімді азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың 73-3-бабы, 2-бөлігі «Жала жабу» бойынша әкімшілік іс қаралды.

- 2023 жылдың қазанында А. есімді азамат Tik-Tok әлеуметтік желісінде видеожазба жариялап, С. есімді зардап шегушіні жеңіл жүрісті қыз деп айтқан. Сол арқылы оның ар-намысына нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратқан, - деп түсіндірді сот өкілдері.

Істі қарау кезінде А. кінәсін толықтай мойындап, ісіне өкінді. Зардап шеккен қыз оны кешіріп, істі тоқтатуды сұрады.

Сот бұйрығымен А. әкімшілік жауапкершіліктен босатылып, екі тарап татуласқандықтан іс тоқтатылды.

Бұйрық заңды күшіне енген жоқ, деп нақтылады Мойынқұм аудандық баспасөз қызметі.