Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасына - 150 жыл

Kazinform агенттігі «Тарихи фото» айдарын ұсынады.

аурухана
Фото: Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының архивінен

Редакция тілшісі биыл 150 жылдық мерейтойын атап өтетін Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының ғимараты туралы баяндайды.

Таразда Жамбыл облысының ең көне медициналық мекемесі - қала орталығындағы Айтиев көшесінде орналасқан облыстық аурухана 1873 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

Бүгінде «Жамбыл облыстық көпбейінді аурухана» ШЖҚ МҚК - бұл тәулік бойы шұғыл және жоспарлы стационарлық, білікті мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек, емдеу-диагностикалық және профилактикалық қызмет көрсететін емдеу мекемесі. Заманауи емхананың 385 төсек-орынға арналған 12 бөлімшесі бар.

аурухана
Фото: : Галина Скрипник / Kazinform

Ал 150 жыл бұрын бұл 1873 жылы Әулие ата уезінде бірінші болып ашылған емдеу мекемесіндегі «Қабылдау бөлімі» ғана еді. Жалға алынған шағын бөлмеде емделуге арналған небәрі алты төсек-орын болған. Науқастарды үш адам - дәрігер, фельдшер және екпе жасайтын әжей қабылдады.

ХХ ғасырдың 20-шы жылдары, аштық және эпидемиямен күрес жүргізудің ауыр жағдайында жас Кеңес республикасының медициналық қызметі құрылып, нығайды.

Оның мақсаты Әулие ата уезіндегі (Жамбыл облысының сол кездегі атауы) тұрғындар үшін жалпыға ортақ және тегін медициналық қызмет көрсету еді.

Бірақ сол кезде аурухана, дәріхана, денсаулық орталықтары, дәрігер, фельдшер, акушер, жабдықтар, дәрі-дәрмек - бәрі тапшы болған.

Архив деректері бойынша, 1920 жылы медициналық көмекті жеті дәрігер, 34 фельдшер мен дәрігер көмекшілері, тоғыз акушер әйел, бір тіс дәрігері, бір мейірбике, бір провизор және екі фармацевт көрсеткен. Емдеу мекемелері уез ауылдарында да ашылып, емделуге арналған төсек-орын саны 180-ге дейін көбейді.

аурухана
Фото: Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының архивінен

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан баяндап бергендей, Жамбыл облыстық ауруханасы жанындағы хирургия бөлімінің халыққа қызмет етіп жатқанына 100 жылдан асты. Облыстың алғашқы хирургы Иван Николович Промонтов Әулие ата қалалық ауруханасында 1921-1938 жылдары қызмет етіп, халыққа медициналық көмек көрсету, баспанасыздық пен тұрғындардың тамақтануын жақсартуды ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысты. И.Н.Промонтов - медицина кадрларын даярлап, Жамбыл облысы хирургиялық қызметінің дамуында жарқын ізін қалдырған адам.

Қаланың байырғы тұрғындары оны тамаша маман, мейірімді, күш-жігері мол, халық денсаулығын сақтау ісінде көп жұмыс атқарған тұлға ретінде еске алады.

1939 жылы Әулие ата уезі Жамбыл облысы болып өзгертілді. Міне, сол уақыттан бері облыстық аурухана дамып, кеңейіп келеді. Емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасы нығайып, көптеген бөлімшелер өз заманына сай заманауи медициналық аппаратурамен жабдықталды.

Облыс орталығының аумағында облыстық аурухананың жаңа ғимараттары мен корпустары – терапевтік және хирургиялық корпустар, консультативтік емхана, офтальмологиялық орталық және т.б. салынды. Мұнда күрделі оталар жасап, сол жылдары медицина жетістіктерін өз тәжірибесіне енгізген жоғары білікті мамандар еңбек етті.

аурухана
Фото: Галина Скрипник / Kazinform

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында Жамбыл облыстық ауруханасы өңірдегі ең ірі медициналық кешенге айналды. Бүгінде ол үш ғимараттан тұрады – облыстық аурухана ғимараты, онкология және облыстық перинаталдық орталық. 27 бөлімшеде 1190 қызметкер жұмыс істейді. Бұл кардиология, кардиохирургия, ревматология, гематология, эндокринология, қан тамырлары хирургиясы, проктология, неонатология, хирургия, жүктілік патологиясы, жалпы хирургия және т.б. Жыл сайын ондаған мың пациентке медициналық көмек көрсетілуде.

Лабораториялық зерттеулердің заманауи әдістері толығымен автоматтандырылған, цифрланған және компьютерленген. Бұл биохимиялық зерттеулердің нәтижелерін Damumed жүйесі арқылы электронды түрде тікелей бөлімшеге, емдеуші дәрігерге жіберуге мүмкіндік беріп отыр. Заманауи құрал-жабдықтар адам факторын және ақпарат сұраудың әуре-сарсаңын жойды.

Науқастың бір қан анализінен 22 түрлі биохимиялық зерттеулер жүргізіледі. Бұл дәрігерге Damumed жүйесі арқылы өз компьютерінде науқасты емдеудің толық сенімді көрсеткіштерін алуға мүмкіндік береді. Бөлімшеге ауыр халде түскен науқастардың қан талдау нәтижелері жарты сағаттың ішінде дайын болады.

Облыстық аурухана ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми және ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлар ұйымдастырады. Жыл сайын дәрігерлер мен фельдшерлер мамандандыру және біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Облыстық аурухана дәрігерлері денсаулық сақтау саласында жұмыс істей отырып, медицина мамандығы бойынша диссертацияларын қорғай алды. Бұл медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков, медицина ғылымдарының кандидаттары Әбутәліп Әшіров, Айгүл Тұрғынбаева, Сағи Бейсенбеков.

аурухана
Фото: Галина Скрипник / Kazinform

Облыстық аурухананың көптеген қызметкерлерін жоғары кәсібилік пен тектілік ерекшелейді. Аға дәрігерлер: хирургтар Мұқышев Н.У., Пак Н.Р., Овсянников А.С., Константинова Е.Л., терапевттер Пономаренко Е.А., Иткина Г.И., акушер-гинеколог Галеева А.Ш., аурухананың бас медбикесі Бородина З.Д. республиканың еңбек сіңірген медицина қызметкері атанған. Облыстың медицина қауымы олардың есімдерін мақтан тұтады.

Ұжымды әр жылдары басқарған аурухананың бас дәрігерлері Николай Романович Пак, Надежда Федоровна Рузавина, Тұрар Сейдуманов, Әзімхан Рахымұлы Қайназаров, Алексей Семенович Овсянников, Сейітхан ​​Әбдиев, Сағи Зулфухарұлы Бейсенбековтер Жамбыл облысының медициналық қызметін жақсарту жолында көп еңбек сіңірді. Қазіргі таңда Жамбыл облыстық ауруханасының ұжымын Абай Құралбекұлы Нұржанов басқарады.

2020 жылы елді коронавирус індеті жайлаған кезеңде Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы ауыр вирус түріне шалдыққан науқастарды емдеуге бейімделді.

Аурухана ұжымы біліктілігін үнемі арттырып, дәрігерлер шетелдік жетекші клиникаларда тағылымдамадан өтіп, инновациялық емдеу әдістерін өз тәжірибесіне енгізіп, жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетеді. Облыстағы ең ірі медициналық мекеме бүгінде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мен хирургиялық оталардың сапасы мен сәтті өтуі бойынша алдыңғы орын алып келеді.

 

Галина Скрипник