Жамбыл полицейлері Леди атты ит туралы детектив фильм түсірді

Леди
Фото: Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі

ТАРАЗ. КАZINFORM – 23 маусым – Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай, облыстық полиция департаментінің бастамасымен «Леди» атты фильм түсірілді. Фильмдегі оқиғалар шынайы оқиғаға негізделген.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызметі орталығында Леди деген лақап атпен белгілі төрт жасар бельгиялық овчарка тұқымдас ит бар. Ол кіші инспектор-кинолог Нұрбол Төребекке бекітілген. 

Леди
Фото: Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі

Леди – қауіпті қылмыскерлерді ұстауға маманданған, шабуылдаушы ит. Ол сондай-ақ, жарылғыш заттар мен құрылғыларды табуға да арнайы үйретілген. 

Департаменттің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлованың айтуынша, Жамбыл облысының ПД Кинологиялық қызметі орталығында болған кезеңде Ледидің көмегімен тонау, қарақшылық шабуылдар, кісі өлтіру секілді 80-нен астам қылмыс ашылып, қауіпті қылмыскерлер құрықталған. 

– Күмәнді заттарды табу бойынша шақырту түскен кезде бірінші кезекте инспектор-кинолог итпен және саперлермен бірге сол жерге барады. Мәселен, 29 мамырда полицияға көшеге қалдырып кеткен иесіз сөмкелерді табу туралы 2 шақырту түсті. Біздің Леди екі жерге де барды. Жарылғыш құрылғыларды таппаған ит, полицейге белгі берді. Олар содан кейін ғана сөмкелерді ашты,– дейді Жамбыл облысының ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Юрий Наливкин. 

Леди 2021 жылы Байзақ ауданындағы болған жарылыс кезінде де жарылғыш заттарды іздеуге қатысқан. Осы жылдар ішінде ол өзін тек кәсіби, сенімді серік ретінде көрсеткен.

Леди
Фото: Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі

Қылмыскерлерден қорықпайтын қызметтік ит Кинологиялық қызмет орталығында жиі қонақ болатын, канистерапия қажет ететін ерекше балаларға мейірімділік танытады. Юрий Наливкин Леди балаларға арналған қойылымдарға да қатысады, шабуылдау мен іздеу дағдыларын көрсетуді жақсы көретінін айтады. 

Жалпы, Жамбыл облысындағы полицейлер елімізде алғашқылардың бірі болып қызметтік иттерге қарым-қатынас әдістерін арнайы үйретіп, балаларға «дәрігер» ретінде пайдалана бастағанын атап өткен жөн.

Заманауи технологиялардың үздіксіз дамуына қарамастан, заңсыз заттарды іздеудегі, қылмыскерлерді ұстаудағы және қылмыстарды ашудағы қызметтік иттердің рөлі күн сайын артып келе жатқанын полицейлер баса айтуда.

Соңғы жаңалықтар
telegram