Жамбылда 9 баласына алимент төлемеген әкеге қатысты сот шешімі шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында сот 9 баланың әкесінен табысының жартысын алимент ретінде өндірді.
Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов аудандық соты 9 кәмелетке толмаған баланы асырауға алимент өндіріп алу туралы талап қою арызы бойынша азаматтық істі қарады.
Талап қою арызға сәйкес, жауапкер балалардың заңды әкесі болғанымен, отбасымен бірге тұрмайды және оларды оларды күтіп-бағуға материалдық көмек көрсетпейді. Тараптар әлі ресми түрде некеде болғанына қарамастан, олар бірнеше айдан бері бірге тұрмайды.
Талап қоюшы жауапкерден балалар кәмелетке толғанға дейін оның табысы мен өзге де кірісінен барлық түрлерінен 50% мөлшерінде алимент өндіріп алуды сұрады. Іс материалдары мен дәлелдемелерді зерттеп, сот мәлімделген талаптардың негізділігі туралы қорытындыға келді.
Сот тараптардың отбасылық және материалдық жағдайын, сондай-ақ ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларын асырау міндетін ескерді. Сот бұйрығымен арыз қанағаттандырылды.
— Жауапкерден 2026 жылғы тамыздан бастап кәмелетке толғанға дейін 9 баланы асырап-бағуға ай сайын табысының және өзге де кірісінен 1/2 бөлігі өндірілді. Сонымен қатар, жауапкерден мемлекет кірісіне мемлекеттік баж өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Қостанай облысында алимент қарызы бар екі борышкер баспанасын бергенін жазғанбыз.