Жамбылда аурухана басшылары 758 млн теңге жымқырған

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында аурухана басшылары 758 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлім етті.

жамбыл ауруханасы
Фото: Яндекс Карта

«Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қалалық көпбейінді ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Залал сомасы 758 млн теңгеден асады», — деді ол брифингіде.

Айтуынша, аталмыш іс бойынша екі адам қамауға алынған.

«Сот санкциясымен күдіктілер, аурухана бас дәрігерінің орынбасары және бұрынғы бас есепші қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», — деді Арман Тілеукенов.