Жамбылда ауруханада жатқан сарбаз жайлы түрлі алыпқашпа сөз тарады — министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысы Гвардейск гарнизонында ауруханада жатқан сарбаздың жағдайына орай ресми мәлімдеме жасады.

Еске сала кетейік, бұл сарбаз 9 маусымда пневмония диагнозымен Қордай ауруханасының жансақтау бөліміне түскен болатын.
Ведомствоның айтуынша, содан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Гвардейск гарнизонының әскери қызметшісін ауруханаға жатқызу себебі туралы шындыққа сай келмейтін ақпарат тарап жатыр.
Бастапқыда әскери қызметші медициналық бөлімге өзін әлсіз сезініп, қызуы көтерілгенін айтып жүгінген.
Медициналық тексерістен кейін ол Гвардейск гарнизонындағы әскери госпитальдің жұқпалы аурулар бөліміне жеткізіліп, әскери қызметшіге екіжақты полисегментті пневмония диагнозы қойылды.
Бұдан кейін ол шұғыл түрде Жамбыл облысы Қордай ауданының орталық ауруханасына ауыстырылды.
«Бүгінгі күні науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қазір оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Сонымен бірге онда Қорғаныс министрлігі әскери клиникалық госпиталінің құрамына анестезиолог, реаниматолог және терапевт дәрігерлер кіретін көшпелі бригадасы жұмыс істеп жатыр» дейді медицина қызметі полковнигі Ержан Смайыл.
Айта кетейік, әскери қызметші емдеу мекемесіне түскен кезде оның денесінен көгерген немесе зақымдану іздері табылған жоқ.
«Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен азаматтардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз» дейді министрліктен.
Кеше Аягөз гарнизонында оқу-жаттығу кезінде сарбаз мерт болған еді.