Жамбылда кафеден тұтанған өрт сауда орталығының шатырына тараған
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында сауда орталығындағы өрттен зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Бүгін Меркі ауданының Меркі ауылында кафенің ас үйінен шыққан өрт екі қабатты сауда орталығының шатырына тарады.
Оқиға орнына жоғарылатылған шақыру дәрежесі бойынша ТЖМ күштері, «Ауыл құтқарушылары» еріктілері, полиция қызметкерлері және тіршілікті қамтамасыз ету қызметтері жедел түрде жетті.
— ТЖМ қызметкерлері мен «Ауыл құтқарушылары» еріктілерінің үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт қысқа мерзім ішінде толық сөндірілді. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін сауда орталығынан 20 адам өздігінен эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Бұдан бұрын Астананың Байқоңыр ауданында, Толстой көшесінде бір-біріне жақын орналасқан үш жеке тұрғын үйден өрт шыққанын жазғанбыз.