Жамбылда қызылшамен ауырған науқастар саны көбейді

Жамбыл облысында 20 қарашадағы жағдай бойынша қызылшамен ауырған 2 124 адам тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Жамбыл
Фото: Kazinform

Ауру облыстың барлық ауданында анықталған. Бірақ ең көп жағдай Тараз қаласында. Облыс орталығында қызылшамен ауырғандар саны –1339, Меркі ауданында –150, Байзақта – 148, Шу ауданында 134 адам тіркелген.

Департамент басшысының айтуынша, қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау өңірде 7 қарашадан басталған. Жыл басынан бері 10 айда облыс бойынша жоспарлы түрде жалпы 39471 бала аталған ауруға қарсы екпе алған. Қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі, 82 пайызы – балалар.

Бұған дейін Жамбыл облысында қызылша ауруы өршіп тұрғанын жазған болатынбыз.