Жамбылда нөсер жауыннан Меркі өзенінің суы арнасынан асты

ТАРАЗ. KAZINFORM - Жамбыл облысы әкімдігі су тасқынына дайындық бойынша ресми ақпарат таратты. Мұның алдында Қазгидромет өңірлік филиалы Жамбыл облысында 10-13 мамыр аралығында қатты жаңбыр жауады деп болжаған еді. 

жамбыл мерке өзені
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Әкімдіктің мәліметіне сенсек, қазір су тасқыны жағдайы бірқалыпты.

Жауын-шашынның салдарынан Меркі өзенінде су деңгейі көтерілген. 

«10 мамыр кешкі сағат 20:00–ден бастап Меркі өзенінің арнасы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Су айдынының жай-күйі мен толуына үздіксіз мониторинг, бақылау жасалып жатыр. Сонымен қатар, құзырлы органдар аталған өзен арнасы жағалауын жаяу аралап көрді» дейді облыс әкімдігінен. 

Меркі ауданынан 68 адам, 22 техника, 6 мотопомпа, 3 электрогенератор және Рысқұлов ауданынан 100 адам, 34 техника, 7 мотопомпа, 4 электрогенератор дайын тұр.

Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күш-құралдары жоғары дайындыққа келтірілді.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Қ. Мәдібек, ТЖД бастығының орынбасары Е. Ақылбеков және басқа да жауапты лауазымды тұлғалар оқиға орнына жедел жолға шықты.

Су қоймалары талапқа сай жұмыс істеп тұр.