Жамбылда жасөспірімдер арасындағы жанжалдан кейін қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында басқа жасөспіріммен жанжалдасқан 9-сынып оқушысы жансақтау бөліміне түсті. Полиция қылмыстық іс қозғап, сондай-ақ оқиғаға қатысты бопсалау дерегінің бар-жоғын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

полиция
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оқиға 31 қазан күні кешке Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша, бұрыннан таныс кәмелетке толмаған екі жасөспірімнің арасында жанжал туындаған. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілген. Оқиғаға қатысқандардың барлығы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.

— Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сондай-ақ бопсалау дерегіне қатысты уәждер тексеріліп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында, — деп хабарлады ведомстводан.

Бұған дейін Жамбыл облысында ата-аналар балабақшада екі жасар балаға күш қолданылғанын мәлімдеді. Қазір балабақша тәрбиешісіне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.