Жамбылда жайылымнан жылқы ұрлағандар ұсталды
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысы полиция қызметкерлері «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында қылмыстық топтың іс-әрекеттерін әшкереледі.
Күдіктілер алдын ала сөз байласу арқылы Байзақ, Жамбыл аудандарының аумағындағы жайылымдардан бірнеше рет жылқы малдарын ұрлап, содан кейін оларды сойып, сатумен айналысқан.
«Ұсталған азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сондай-ақ олардың бұдан басқа 4 рет мал ұрлау дерегіне қатысты бары және ұрланған 5 жылқы малын сойып сатқаны анықталды. Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, «Мал ұрысы» республикалық iс-шарасы облыс аумағында 23 ақпанға дейін жалғасатын болады.