Жамбылда жетім балаларды бауырына басқан екі полицей бар

балалар
Фото: Polisia.kz

ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысының полицейлері балалар үйінің жеткіншектеріне жаңа өмір сыйлады. Polisia.kz өз қызметімен қоса ата-ана міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген офицерлердің хикаясын әңгімелейді. 

Жамбыл облысының полиция департаментінде қауырт жұмысымен қатар, қайырымды іс жасауды өмір салтына айналдырған қызметкерлер жеткілікті. 

Полиция капитаны Ғалым Арыстанбаев үш туған ұлымен бірге сегіз баланы бауырына басса, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова — өзінің бес баласына қоса төрт ұл-қызды тәрбиелеп отырған көпбалалы ана.

Үш ұлының артынан тұлымы желбіреген қыз баласын армандаған Жамбыл облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының инспекторы Ғалым Арыстанбаев пен жұбайы Әлия өздері жиі барып тұратын балалар үйіне кезекті рет атбасын бұрады. 

Бір үйдің адамдарындай тату-тәтті тұратын балалардың біреуін алып кетерде бір-бірін қимай, көздеріне жас толғанын көрген полицей оларды айырмайық деген оймен сегіз бірдей баланы асырап алған. 

Алғашында туыстары қатты таңғалып, кейбірі тіпті қарсы болыпты, бірақ қазір олар материалдық жағынан да, рухани тұрғыдан да көмегін аямайды.

Балалардың арасында әзірбайжан, өзбек, орыс, қытай ұлты бар болғанымен, олардың барлығы да қазақ тілінде сөйлеп, қазақ мектебінде білім алады.

Жары Әлия — педагог маман, алайда үйде балалардың тәрбиесімен айналысады. 

5 ұл мен 6 қыздан құралған 11 балалы Арыстанбаевтар отбасы ауызбіршіліктің арқасында облыстық «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы атанып, республикалық байқаудың финалисі болған. 

Сонымен қатар полиция инспекторы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатарына кірді.

Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасында кәмелетке толмағандар ісі қызметінде жүрген Диляфруз Кенжеханова әдеттегідей жұмыс бабымен Шараповтар отбасымен танысуға барады.

Кәмелетке толмаған 4 жасөспірімнің қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көрген полиция қызметкерінің жүрегі қан жылаған.

Ұл балалардың үсті-басы кір, ал қаршадай қыздың ыдысты мұздай сумен жуғанын көріп жаны ауырады. Өзі де бес баланың анасы Диляфруз көз жасын тия алмай, жылап жіберген.

балалар
Фото: Polisia.kz

Ол сол сәтте-ақ балаларды қамқорлығына аламын деп шешім қабылдаған. Оның бала асырап алу туралы қадамын жолдасы мен туғандары да түсіністікпен қабылдаған. 

Әкесі жоқ, анасы қайтыс болған 4 баланы сол күнге дейін күнін әрең көріп жүрген атасы асырап келген.

Полиция подполковнигі қарияны да 9 баламен бірге үйіне паналатқан.

Тоғыз бала тәрбиелеп отырған батыр ананы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрмет» орденімен, Ішкі істер министрі «Алғыс» мүсіншесімен марапаттады.

Қазіргі таңда Д. Кенжеханова әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінде нәзік жандардың жоғын жоқтап, құқығын қорғап жүр.  

Қамқорлыққа зәру бүлдіршіндерді түрі мен тіліне қарамай бауырына басып, көпке үлгі болған бұл отбасылар бүгінде балалы үй базар болып, тату-тәтті күн кешуде.

Жүрегі мейірімге толы екі полицей де — отбасымен қатар өз қызметтік міндеттерін мінсіз орындап жүрген үлгілі офицерлер. 

Соңғы жаңалықтар
telegram