Жамбылда жыл басынан бері вандализмге қатысты 82 құқық бұзушылықтың жолы кесілді
АСТАНА. KAZINFORM — Заңсыз жазу жазып, қоғамдық мүлікті бүлдіргендер әкімшілік жауапкершілікке немесе қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Облыстық полиция департаменті қабырғаларға жазу жазу, ескерткіштер мен абаттандыру нысандарын бүлдіру жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Жыл басынан бері өңірде вандализмге қатысты 82 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Ведомство мәліметінше, әрбір факті бойынша тиісті шара қабылданады.
Жаза құқық бұзушылықтың мән-жайына байланысты тағайындалады. Мысалы, мемлекет қорғауына алынған ескерткіштер мен табиғи нысандарды қорлағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабында айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ қамауға алу көзделген. Ал мұндай әрекет топ болып, бірнеше рет немесе бапта көрсетілген өзге де ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалса, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Бұған дейін Kazinform Маңғыстау облысында Ыбықты сай шатқалын қорлағаны үшін полиция 34 жастағы күдіктіні ұстап, қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған болатын.
Сондай-ақ Астанада екі жас Журналистер аллеясындағы мүсін мен жеті урнаны бүлдірген. Олар ұсталып, кәмелетке толмағандардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне табиғи ескерткіштердің қорғалуын бақылауды күшейтуді тапсырды.