Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбылдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың шағымынан кейін зертхана бірінші қабатқа көшірілді

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында «Олимп» ЖШС-де мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ғимаратқа кіріп, зертхана қызметін алуына жағдай жасалмағаны анықталғаннан кейін 279 мың теңге айыппұл салынды. 

Мүгедектігі бар азаматтар нысандардың қолжетімділігін онлайн бағалай алады
Фото: Еңбекмині

Облыс бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді. Мамандар қозғалысы шектеулі азаматтардың зертхана орналасқан ғимараттың екінші қабатындағы кабинетке кіруге қажеттілігі болғанымен, оған көтеріле алмайтынын анықтады.

Бақылаушы органның араласуынан кейін компания бірінші қабаттан толық жабдықталған кабинет ашты. Енді мүгедектігі бар азаматтарға қызмет алу үшін екінші қабатқа көтерілудің қажеті жоқ.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 45 918 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 7 мыңға жуығы — балалар. Ведомство нысандардың қолжетімділігін бақылау жұмыстары жылдың екінші жартысында да жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, елімізде 31,6 мыңнан астам нысан мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделді.

Келесі жылға дейін 12 өңірде 1 850 орындық оңалту орталығы ашылады.