Жамбылдық шенділер 350 адам жұмыс істейтін зауыттың жұмысын тоқтатпақ болған

АСТАНА. KAZINFORM – Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Жамбыл облысындағы сингапурлық инвестор қатысқан ірі цемент зауытының құқығын қорғады.

Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі жүгері өңдеу зауыты салынып жатыр
Фото: АШМ

Комитетке инвесторлар энергия тасымалдаушы ұйымның кәсіпорынға электр энергиясын жеткізуді шектеу әрекеттеріне қатысты шағым түсірген.

Мәліметке сәйкес, бұл жағдай өндірістік процестің тоқтап қалу қаупін туғызып, инвестициялық жобаның жүзеге асуына кері әсер етуі мүмкін болған.

«Цемент зауыты 2024 жылы сингапурлық инвесторлардың қатысуымен салынған. Жобаның жалпы құны 73 млрд теңгені құрады. Кәсіпорында 350 тұрақты жұмыс орны ашылған», – деп хабарлады комитет.

Комитеттің үйлестіруімен энергетикалық қадағалау саласындағы уәкілетті орган жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру нәтижесінде энергия тасымалдаушы ұйымның әрекеттері негізсіз деп танылып, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпорынның электрмен жабдықталуы толық көлемде қалпына келтіріліп, өндірістік процесс қайта жолға қойылды.

«Бұл зауыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтауға және инвестициялық жобаны одан әрі іске асыруға мүмкіндік берді», – делінген хабарламада.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілеріне жедел ден қоюды негізгі бағыттардың бірі ретінде атады.

Айта кетейік, Жамбыл облысында инвесторға тиесілі жер басқа адамға заңсыз берілген.