«Жамбыл - адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жобасы басталды
Жобаның негізгі мақсаты - сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа деген жалпы төзбеушілікті қалыптастыру, Жамбыл облысындағы мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін арттыру. Жобаның негізгі міндеттері - тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар және бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу.
Жоба аясында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қарау, мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, қызметтердің барлық бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру және тағы басқа мәселелер қамтылады.
«Мемлекетіміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін пайдалану тапсырған. Осы міндетті орындау мақсатында Жамбыл облысында аталған тәжірибе қолданылмақ» делінген хабарламада.
Жоба тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға және азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауға, қоғамдық бақылауды жүргізуге, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Іс-шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірдегі ведомстволық ұйымдарды оңтайландыру және жаңа еңбекақы жүйесін енгізу жұмыстарының жүргізілуі жөніндегі баяндамасы тыңдалды.
Атап кетейік, облыс актив жиынына үкіметтік емес ұйымдар, басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері, департамент басшылары және медиа саласының өкілдері қатысты.
Жиын соңында облыс әкімі Жамбыл жерінде бюджетті тиімді пайдаланудың регламенті бекітілгендігін айтып, осының арқасында 10 млрд. теңге үнемделгенін жеткізді. Болашақта бұл жүйені өзге өңірлерде де қолдануға ұсыныс берді.
Ғибрат Сембай