Жамбыл Ахметбеков штабы Қарағандыда флешмоб ұйымдастырды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Облыстық сайлауалды штаб Қарағанды қаласында ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбековті қолдау мақсатында «Адал еңбек - қоғам мүддесі үшін» деген ұранмен флешмоб өткізді.
Іс-шара барысында аспанға Қазақстан коммунистік халық партиясының ұраны жазылған шар ұшырылып, үгіт парақтары таратылды.
ҚКХП Қарағанды облыстық сайлауалды штабының жетекшісі А. Зевахин коммунистік идеология сынға көп ұшырайтынын, алайда қазіргі коммунистер бұрынғы ізашарларының қателігін қайталамай, заман талабына сай әрекет етіп жатқанын баяндады. Ол саяси құрылым тұрмысы төмен адамдардың жағдайын жақсарту жолында қызмет етіп, еңбек адамының құқығын қорғайтынын айтты.
А. Зевахин партияның сайлауалды тұғырнамасы кедейлікпен күреске, сонымен қатар батыстың жалған құндылықтарынан бас тартуға үндейтінін жеткізді.