Жамбыл Ахметбеков штабы сайлауалды үгіт науқанын қорытындылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбековты қолдау мақсатында «Ашық аспан астында» атты дәстүрлі флешмоб ұйымдастырылып, республикалық штабтың есептік жиыны өтті. Бұл жөнінде Қазақстан коммунистік халық партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Жамбыл Ахметбеков штабы сайлауалды үгіт науқанын қорытындылады

7 маусымда Орталық саябақ аумағында ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбеков пен оның жақтаушылары «Ашық аспан астында» атты флешмоб өткізді. Іс-шара барысында Жамбыл Ахметбеков сөз алып, Қазақстан коммунистік халық партиясы қарапайым халық мүддесін қорғауды мақсат ететінін мәлімдеді.

Шара шеңберінде республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Айқын Қоңыров барлық қатысушыларға сайлауалды үгіт-насихат барысында белсенділік танытқаны үшін алғыс білдірді.

Жиын аспанға көгершін ұшыру акциясымен жалғасып, белсенділердің сап түзеп, қанат белгісін салуымен аяқталды. Флешмоб барысында көпшілікке үгіт материалдары таратылды.

Іс-шарадан соң Жамбыл Ахметбековтың республикалық сайлауалды штабында үгіт кампаниясының аяқталуына байланысты есептік басқосу өтті. Жиында үміткер үгіт-насихат жұмысы ойдағыдай атқарылғанын айтты. Ол сайлауалды науқан кезінде бірқатар аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесті. Халыққа үгіт өнімдері таратылып, сайлауалды тұғырнама таныстырылды.

Жиында сайлауда партиялық бақылау жүйесін ұйымдастыру мәселесі тілге тиек етіліп, ҚКХП үміткерін қолдау шараларының статистикалық дерегі алға тартылды.